Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтық қысқара бастады – оқу-ағарту министрі PISA халықаралық зерттеулері туралы
✍🏻 Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың қорытындысы туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында баяндады.
🏫 Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп жұмыс жасауда, оның ішінде 67%-ы ауыл мектебі. Айта кету керек, ауыл мектебінің әрбір екіншісі шағын жинақты болып табылады.
✔️ Оқушылардың 40% ауыл мектебінде білім алады. Сондықтан үкімет ауыл мектептерін дамыту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуға аса мән беруде.
«Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықтың азайғанын PISA халықаралық зерттеулері айқындап отыр. Дегенмен PISA-2018 нәтижелерімен салыстырғанда, 2022 жылғы математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша айырмашылық көрсеткіші 4-5 балға дейін қысқарды, ал оқу сауаттылығы өзгеріссіз қалды», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
📌 Естеріңізге сала кетейік, математикалық сауаттылық бойынша PISA-2018-де қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білімдегі алшақтық – 22 балды құраса, PISA-2022-де алшақтық 18 балға төмендетілді. Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша 2018 жылы алшақтық 31 балды құрады, ал 2022 жылы ол 26 балға дейін азайтылды. Осылайша, халықаралық зерттеулер ауыл мектептерінде білім беру сапасының артып келе жатқанын айғақтайды.